CaspianLife. 2 шілде. Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен Chevron корпорациясының Upstream (барлау және өндіру) бағыты жөніндегі президенті Клэй Нефф кездесті. Тараптар екі компания арасындағы көпжылдық серіктестіктің негізгі бағыттарын талқылап, оны одан әрі нығайтудың қадамдарын айқындады.
Кездесудің басты тақырыбы — Қазақстандағы ең ірі мұнай активтерінің бірі Теңіз кен орнын одан әрі игеру мәселесі болды. Қатысушылар «Теңізшевройл» ЖШС-нің тұрақты өндірістік қызметін қамтамасыз етуге және өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бұдан бөлек, ҚМГ мен Chevron геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық келешегін сөз етті. Тараптардың мәліметінше, қазіргі уақытта компаниялар Қазақстан аумағындағы болашағы зор геологиялық барлау жобаларына бірлесіп қатысу мүмкіндіктерін зерделеп жатыр.
Келіссөздердің жеке бір блогы қазақстандық мұнайды әлемдік нарықтарға экспорттау мәселелеріне арналды. Тараптар Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетін қазіргі қолданыстағы бағытты қарастырып, сонымен қатар қосымша экспорттық жол ретінде «Баку – Тбилиси – Джейхан» бағытын талқылады.

