CaspianLife. 30 маусым. Атырауда прокуратураның талабы бойынша төрт кәсіпкерлік нысаны мемлекет меншігіне қайтарылды.
Атырау қаласының прокуратурасы жалпы құны 400 миллион теңгеден асатын төрт кәсіпкерлік нысанын мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл жылжымайтын мүлікті өткен жылы әкімдік сенімгерлік басқаруға берген, алайда кәсіпкерлер шарт талаптарын орындамаған, ал атқарушы орган оны уақтылы кері қайтарып алу шараларын қолданбаған.
Бұдан бөлек, ұзақ уақыт бойы мақсатты тағайындалуы бойынша пайдаланылмаған нарықтық құны 300 млн теңгені құрайтын 28 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.
Құқық бұзушылықтарды қалалық прокуратура қызметкерлері жер қатынастары және мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы заңдылыққа талдау жүргізу барысында анықтады. Атырау қаласы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Жаслан Нұриденовтің айтуынша, анықталған фактілердің ішінде құны 93,7 млн теңге болатын жертөле (цокольді) үй-жайының жеке кәсіпкерге берілуі де бар. Кәсіпкер шарт талаптарын орындамаған, бірақ жергілікті атқарушы орган ұзақ уақыт бойы нысанды кері қайтарып алу бойынша ешқандай шара қолданбаған.
Прокуратура өкілдері жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және мемлекеттік мүлікті қорғау мәселелері қадағалау органының тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Альбина ІЗМАҒАМБЕТОВА

