Атыраудағы Ғ.Мүсірепов атындағы №5 орта мектеп 2017 жылы толықтай жөндеуден өткен. Оған бюджеттен 280 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті.
Бірақ биыл наурызда ғимараттың қабырғасы желге төтеп бере алмай, қирап қалған. Облыстық прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде, мемлекетке 25 миллион теңге шығын келгені белгілі болды. Ал мердігер мекеменің кепілдік мерзімі өткен жылдың қазанында аяқталған.
Бауыржан ЖҰМАҚАНОВ, Атырау облысы прокурорының орынбасары:
– Барлық құрылыс компаниялары мемлекеттік сатып алуға қатысар алдында өз мүмкіншіліктерін толық анықтамай тұрып құжаттарын тапсырады. Соның нәтижесінде, қаншама кемістіктер, келеңсіз жағдайлар туындайды?! Ақыр соңында мемлекеттік тапсырма сапасыз орындалады.
Прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта жинақталған құжаттар ҚР ҚК 189-бабына сәйкес тергеп тексеру жұмыстарын жүргізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқармаға жолданған.