CaspianLife, 10 тамыз. Құрманғазы ауданында өтетін LOTUS FEST фестивалін ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 191,9 млн теңге бөлінді. Оның 131,9 млн теңгесі инфрақұрылымды дамытуға, ал 60 млн теңгесі мәдени бағдарламаға бағытталған. Биыл фестиваль екі күн — 15 және 16 тамызда өтеді.
Өткен жылы лотос алқаптарына 40 мыңнан астам адам келген. Биыл туристер саны одан да артады деп күтілуде.
«Инфрақұрылымға бағытталған қаражат бір реттік іс-шараға ғана арналмаған. Бұл қаражат алдағы уақытта да пайдаланылатын нысандарды жасауға жұмсалады», — деп хабарлады аудан әкімдігі.
Атап айтқанда, ұзындығы 414 метр, ені 2 метр болатын понтон конструкциялары орнатылады. Оның бойында көлемі 6×4 метр болатын 9 бақылау алаңы жабдықталады. Өткен жылы салынған 120 метрлік төсеніш туристер ағынының артуына байланысты жеткіліксіз болған. Сонымен қатар қайықтар санының көбеюіне байланысты айлақты кеңейту жоспарланып отыр.
Аумақ толықтай жарықтандырылып, генератормен қамтамасыз етіледі. Полиция, төтенше жағдайлар қызметі және медицина мамандарына арналған модульдік пункттер, сондай-ақ санитарлық блоктар қарастырылған.
Фестиваль аяқталғаннан кейін бұл нысандар ауылдық округтің балансына беріліп, келесі туристік маусымдар мен түрлі іс-шараларда пайдаланылатын болады.
Фестиваль жергілікті кәсіпкерлер үшін де қосымша мүмкіндік береді. Іс-шара өтетін жерде 50 сауда павильоны мен 30 қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді.
Айта кетейік, LOTUS FEST күндері қазақстандық танымал өнер иелерінің өнер көрсетуі де жоспарланған.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА

