CaspianLife, 7 тамыз. Ақтөбе облысында құны 35 миллион еуроны құрайтын ірі жылыжай кешені салынады. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов пен инвестор компания өкілдері жаңа нысанның құрылысын бастауға дайындық мәселелерін талқылады.
Жылыжай кешені өңірдің агроөнеркәсіптік секторындағы ең ірі инвестициялық жобалардың біріне айналмақ. Нысанның жалпы құрылыс аумағы 103 мың шаршы метрден асады. Кешен құрамына өндірістік блоктар, көшет өсіру бөлімі және көкөніс өнімдерін толық циклмен өсіруге мүмкіндік беретін инженерлік-техникалық инфрақұрылым кіреді.
Жоба іске қосылғаннан кейін 300 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жылыжай кешенінің жұмысы көкөніс өндірісінің көлемін ұлғайтуға, импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға және өңір тұрғындарын жыл бойы жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға дайындық мәселелері пысықталуда.
Жобаны жүзеге асыру Ақтөбе облысына инвестиция тартуға және ауыл шаруашылығы саласының одан әрі дамуына серпін береді.

