CaspianLife, 29 маусым. Атырауда жыл басынан бері мопед жүргізушілері 245 рет ереже бұзған. Көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе төмен, — дейді Атырау облыстық ПД қызметкерлері. Олардың сөзінше бұл профилактикалық жұмыстың және жаңа заңның нәтижесі. Еске сала кетейік, былтыр 5-сәуірде Қазақстанда мопедтер мен скутерлерді автокөлікке теңестіретін заң енгізілді. Қазіргі кезде Атырау облысында 1000-нан аса мопед тіркелген.
Балдай СИРАЖЕВА, Атырау облыстық ПД ӘПБ үгіт-насихат тобының инспекторы
— Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес мопедтер механикалық көлік құралдары санатына жатады. Сондықтан оларды пайдалану үшін мопедті міндетті түрде тіркеп, мемлекеттік нөмір белгісін алу және жүргізушінің «А1», «А» немесе «В» санатындағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Тіркеусіз немесе жүргізуші куәлігінсіз мопед басқарған азаматтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін 86 500 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, заң талаптарын бұзған мопед арнайы айып тұрағына қойылады.
Полицейлердің сөзінше, мопед жүргізушілері тарапынан жиі кездесетін құқық бұзушылық мыналар – мемлекеттік тіркеусіз жүру, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, жол белгілері мен бағдаршам талабын сақтамау, сондай-ақ маневр жасау ережесін бұзу. Бүгінде жол қозғалысы ережесін сақтамаған 80-ге жуық тұрғынның мопеді айыптұраққа қойылған.

