CaspianLife, 29 маусым. Өткен аптада Атырауда автогаз тапшылығына байланысты жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек болған еді. Жүргізушілер газ құю үшін сағаттап күтті. Қазір жағдай бірте-бірте тұрақтанып келеді. Облыс билігі тапшылықты Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмысымен байланыстырып отыр. 26-маусымда басталған жоспарлы алдын алу жұмысы толығымен 20 шілдеге дейін аяқталуы керек. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы өкілінің мәліметінше, маусым айына өңірге бөлінген 6 909 тонна сұйытылған газ толық жеткізілген. Қосымша қажеттілікті өтеу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытынан 2 мың тонна, Ақтөбедегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамынан 2 мың тонна және Оралдағы «Жайықмұнай» кәсіпорнынан 740 тонна газ жеткізілуде. Алайда құжатты рәсімдеу мен логистикаға байланысты бұл көлемнің өңірге жетуі шамамен 4-5 күнге созылады. Ескерте кетейік, өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Атырауда сұйытылған мұнай газын бөлу тәртібі бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қатысты тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеді.
«Бұған дейін департамент басқарманың атына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгісінің бар екендігі туралы хабарлама жолдаған болатын. Алайда белгіленген мерзімде хабарламаны орындау жөнінде тиісті шара қабылданбағандықтан, тергеп-тексеру бастауға негіз қалыптасты. Қазіргі уақытта құқық бұзушылық белгісінің бар-жоғын растау немесе жоққа шығару мақсатында метериал жинау және талдау жұмысы жүргізілуде». ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі
Қазір басқарма тарапынан жекелеген нарық қатысушыларына артықшылық беру, кейбір кәсіпкерге жеңілдік жасау және бәсекелестікке кедергі келтірілді ме, жоқ па — сол жағы тексеріліп жатыр. Атырау облысына ай сайын 12-13 мың тонна сұйытылған автогаз қажет. Ал шілде айына өңірге 6 мың 882 тонна газ бөлу жоспарланған.

