CaspianLife, 29 маусым. Атырау облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілетінін хабарлайды.
2026 жылғы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында ауа температурасы +25°С және одан жоғары болған жағдайда, күн сайын сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін бір оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк автокөліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қолданылады.
Аталған шаралар жол жамылғысын жоғары температураның әсерінен болатын деформациялардан қорғауға, автомобиль жолдарының пайдалану мерзімін ұзартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жаз мезгілінде асфальт-бетон жамылғысы жоғары температураның әсерінен жұмсарады. Осындай кезеңде ауыр жүк көліктерінің қозғалысы жолдың тез бүлінуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан енгізіліп отырған уақытша шектеу – жолдардың сапасын сақтау мен олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға бағытталған маңызды шара. Біз жүк тасымалдаушылар мен жүргізушілерден бұл талаптарға түсіністікпен қарап, жүк тасымалын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Айбат Ибатов.

