CaspianLife, 23 маусым. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Кабул қаласына гуманитарлық және іскерлік миссиямен барды.
Қазақстан Ауғанстанға әуе рейсі арқылы дәрі-дәрмек жеткізіп, теміржол арқылы азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарлар тиелген сегіз вагон жөнелтті. Сонымен қатар гуманитарлық жүкпен бірге ауған халқына медициналық көмек көрсету үшін қазақстандық дәрігерлер тобы да барған.
Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы аясында екі елдің 50-ден астам компаниясының қатысуымен өткен кездесуде Серік Жұманғарин Астананың стратегиялық ұстанымын таныстырды. Оның айтуынша, Ауғанстан Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын маңызды логистикалық хаб ретінде қарастырылады, ал Қазақстан өнімдер, технологиялар, машина жасау және химия өнеркәсібі тауарларын жеткізетін сенімді серіктес болуға дайын.
Форум қорытындысы бойынша жаңа экспорттық келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында 45 миллион АҚШ долларына мобильді диагностикалық кешендер жеткізу жөніндегі келісімшарт та бар.
Өткен жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы екіжақты сауда көлемі 541,8 миллион АҚШ долларын құрады. Тараптар алдағы жылдары бұл көрсеткішті 3 миллиард долларға дейін арттыруды мақсат етіп отыр.
Сапар аясында Кабул қаласында Қазақстанның Сауда үйі де ашылды. Бұл орталық қазақстандық тауарларды таныстыруға және экспортты дамытуға арналған тұрақты алаң болады.



