Caspianlife, 18 маусым. Индер ауданындағы тұйық көлдің тағдыры тағы да қоғам назарын аударды. Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы Үкіметке депутаттық сауал жолдап, көлдің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселені көтерді.
Депутат Серік Ерубаевтың айтуынша, Атырау облысындағы бірегей табиғи нысан саналатын Индер көлі 2024 жылғы Үкімет қаулысымен республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры нысандарының тізімінен шығарылған. Алайда жергілікті тұрғындарға бұл шешімнің қандай ғылыми зерттеулер мен экологиялық сараптамаларға негізделгені туралы нақты ақпарат берілмеген. Қоғам белсенділері мен тұрғындардың айтуынша, көл мәртебесін өзгерту мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілмеген, ал мемлекеттік органдардың ресми жауаптарындағы қарама-қайшы мәліметтер күмәнді одан әрі күшейткен.
– Жергілікті тұрғындар Индер көлін табиғи-қорық қоры нысандары тізімінен шығару кезінде қандай ғылыми қорытындылар, экологиялық зерттеулер мен сараптамалық бағалар негізге алынғанынан мүлде хабарсыз. Екіншіден, Экологиялық кодекстің 58 және 73-баптарына сәйкес қоршаған ортаға әсер ететін шешімдер ашық түрде және қоғамның қатысуымен қабылдануы тиіс. Алайда Индербор кенті әкімдігінің 2026 жылғы 27 наурыздағы ресми хатына сәйкес, Индер көлінің мәртебесін өзгерту мәселесі бойынша жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізілмеген, – деді Серік Ерубаев.
Депутаттар тағы бір мәселеге назар аударды. 2021–2022 жылдары көл аумағында «АралТұз» және «АралСода» компанияларына пайдалы қазбаларды барлауға бірнеше лицензия берілген. Бұл кезде көл әлі де ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болған.
– Бір жағдайда белгілі бір қызмет түрлеріне тыйым салынып, ал екінші жағдайда пайдалы қазбаларды барлауға лицензиялардың берілуі заңнаманың бірізді қолданылуына қатысты орынды сұрақтар туындатады. Егер Индер көлінің құқықтық мәртебесін өзгерту барысында азаматтардың экологиялық құқықтарының бұзылуы немесе өзге де заң бұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қабылдауды және көлді республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры нысандарының тізіміне қайта енгізу мәселесін қарастыруды сұраймыз, – деді депутат.
Мәжілісменнің сөзінше, туристік-сауықтыру жобаларына рұқсат берілмей, сонымен қатар жер қойнауын пайдалануға лицензиялардың берілуі заңнаманың біркелкі қолданылуына қатысты сұрақтар туғызады.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкіметтен Индер көлін табиғи-қорық қоры нысандары тізімінен шығарудың заңдылығын түсіндіруді, берілген лицензияларға құқықтық баға беруді, азаматтардың экологиялық құқықтарының бұзылу фактілері анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдауды және көлді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарына қосуды сұрады.
Индер көлінің алдағы тағдыры Үкіметтің ресми жауабынан кейін белгілі болмақ.

