CaspianLife, 18 маусым. Атырау облысының билігі балықты қолдан өсіру саласын дамытуға қажетті инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастырып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов «Каспий маңы серіктестігі: балық шаруашылығы мен акваөсірудің тұрақты дамуы» халықаралық форумында мәлімдеді.
Өңір басшысы Атыраудың тарихи тұрғыдан еліміздің басты балық шаруашылығы орталығы екенін атап өтті. Дәл осы өңірде бекіре тұқымдас балықтарды қолдан өсіретін негізгі зауыттар мен ірі өңдеу кәсіпорындары орналасқан.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті билік табиғи су айдындарынан балық аулауға тәуелділікті азайтып, өндірістік акваөсіруді дамытуға басымдық беруді көздеп отыр.
– Осы стратегия аясында Дамбы ауылдық округінде балық өсіруге қолайлы жағдайлары бар 100 гектар аумақта арнайы аквааймақ құру жобасы әзірленуде. Бұл қадам жабайы табиғатқа түсетін антропогендік қысымды азайтуға, тауарлық балық өндірісін арттыруға, кәсіпкерлерге дайын алаңдар ұсынуға және саланы заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығы, сондай-ақ мемлекеттік сектор, ғылым және бизнес арасындағы өзара байланыс экожүйені сақтауға және саланың тұрақты дамуына тиімді шешімдер табуға көмектеседі деп сенемін, – деді Серік Шәпкенов.
Форум барысында қатысушылар биологиялық ресурстарды қорғау, кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту, акваөсіру көлемін ұлғайту және өнім экспортын арттыру мәселелерін талқылады. Іскерлік бағдарлама аясында ұйымдастырылған көрмеде 13 жергілікті компания өз өнімдерін таныстырды. Әкімдік мәліметінше, көрме атыраулық өңдеуші кәсіпорындардың әлеуетін және саланың даму мүмкіндіктерін айқын көрсетті.
Айта кетейік, елімізде 2026–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығы саласындағы жалпы құны шамамен 60 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба жоспарланған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда жыл сайын өсірілетін балық көлемі 14 мың тоннаға артып, өңдеу қуаты 10 мың тоннаға ұлғаяды. Сондай-ақ арнайы балық жемін өндіру көлемі жылына 30 мың тоннаға дейін жетеді.
Сонымен қатар көршілес Маңғыстау облысында да инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. 2026–2027 жылдары өңірде еліміз үшін бірегей экологиялық таза бекіре уылдырығын өндіру жобасы іске қосылады. Бұл өндірісте уылдырық балықты соймай-ақ, тірідей алу әдісімен өндіріледі. Жоба Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының қолдауымен инновациялық тәжірибелерді енгізу бағдарламасы аясында қаржыландырылуда.

