CaspianLife, 17 маусым. Атырауда Жангелдин ауылындағы отбасы мүшелерін өлтіру ісі бойынша атышулы сот процесі жалғасуда. Кезекті отырыста прокурорлар заттай дәлелдемелерді көрсетіп, басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев қылмыс жасалған сәт пен одан кейінгі оқиғаларға қатысты жан түршігерлік мәліметтерді айтты.
Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы қаза болғандардың мәйіттеріне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшыны келесі отырысқа шақыру туралы өтініш білдірді. Бұл ұсынысты процеске қатысушылардың барлығы қолдады.
Мұндай шешімге марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің басының денесінен бөлек табылуы себеп болды. Бұл жайт көп сұрақ пен түрлі болжамдардың туындауына негіз болған.
Айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің айтуынша, мәйіт ұзақ уақыт бойы табылмай жатқандықтан, басы кейін ажырап кеткен болуы мүмкін.
– Оның мәйіті 10 айдан кейін ғана табылды. Денені шығарып жатқан кезде басы өздігінен ажырап кеткен болуы мүмкін деп ойлаймын, – деді ол.
Сотта Сәрсемәлиев өз кінәсін толық мойындағанымен, қылмыс жасаған сәтте өзін-өзі бақылай алмағанын айтты.
– Алғашқы бір-екі соққыны көрген шығармын. Есімде жоқ. Бірақ жасаған ісімді мойындаймын. 10 рет пе, 32 рет пе – бәрін мойындаймын. Адамның өмірін қию өте ауыр. Ондай сәтте миды бақылау мүмкін емес. Соққыларды санап тұрған жоқпын, – деді айыпталушы.
Сот залына тағы бір құрбан – Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіті оралған кілем, қаза болғандардың киімдері және тергеу барысында алынған өзге де заттар жеткізілді.
Алайда этикалық себептерге байланысты және заттарда қан іздері мен өткір иіс болғандықтан, олар қатысушыларға ашық көрсетілген жоқ.
Оның орнына прокурор марқұмдардың жеке құжаттарын, банк карталарын, ұялы телефондарын және планшетін таныстырды.
Сотта белгілі болғандай, қылмыстан кейін Сәрсемәлиев қаза болған туыстарының жеке заттарын алып, елден кетіп қалған.
Ол жәбірленушілердің үш телефонын өзімен бірге алып кеткенін және оларды қашып жүрген кезде пайдаланғанын мойындады. Сонымен қатар «Қазпошта» карталарының пин-кодтары жазылған қағазды тауып алып, сол карталардан ақша шешіп отырған.
Қылмыс жасалған екі пышақ әлі күнге дейін табылған жоқ.
Сәрсемәлиевтің айтуынша, кейін ол Меккеге барып, өзіне қол жұмсауды ойлаған. Бірақ анасының телефон арқылы хабарласып, бұрынғы жұбайы Ақбаянның денсаулығы күрт нашарлағанын айтқаннан кейін бұл ойынан бас тартқан.
Осыдан соң ол Қазақстанға қайтып келу туралы шешім қабылдаған.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.

