CaspianLife, 8 маусым. Атырау облысында балалардың жазғы демалыс инфрақұрылымын айтарлықтай кеңейту жоспарланып отыр. Өңірде үш жаңа сауықтыру лагері салынады.
Алғашқысы – Махамбет ауданындағы бұрынғы Президент резиденциясының базасында ашылатын 200 орындық «Жас дарын» лагері. Оны 2027 жылы пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында әрқайсысы 300 орындық екі лагерьдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Егер барлық жоба жүзеге асса, өңірде жыл сайын 10 мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамту мүмкіндігі туады.
Бұл жоспарлар облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында талқыланды. Жиында биыл Атырау облысындағы 147 мың оқушының 95 пайызы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылатыны белгілі болды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 778,6 млн теңге бөлінген.
Жазғы маусымда облыстағы үш сауықтыру лагерінде 3 018 оқушы демалады. Бұдан бөлек, 1 367 бала еліміздің басқа өңірлеріндегі лагерьлерге жіберіледі. Олардың қатарында Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» пансионаты, сондай-ақ Индер ауданындағы «Жас Өркен» және Махамбет ауданындағы «Арай» лагерьлері бар.
Отырыста ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың демалысын ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Атырау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мендіғалиеваның айтуынша, өңірдегі 137 мың оқушының шамамен 8 мыңы ерекше қажеттілігі бар балалар. Алайда үйде оқитын балалар мен бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар бұл бағдарламаға енгізілмеген. Лагерьге жолдама алу үшін медициналық қорытынды қажет.
Сондай-ақ жиында лагерьлердің санитарлық талаптарға дайындығы тексерілді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Индер ауданындағы лагерь толық дайындалып, қажетті құжаттарын рәсімдеу үстінде. Ал Махамбет ауданындағы «Арай» лагері әлі де тексеруден өтуде. Анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін ғана оған жұмыс істеуге рұқсат беріледі.

