Caspianlife, 3 маусым. Каспий теңізінің Түпқараған ауданындағы жағалауынан өлі итбалықтардың өлекселері әлі де табылып жатыр. Маңғыстау облыстық экология департаментінің мәліметінше, 1 маусым күні Баутино ауылындағы тұщыландыру зауытынан «KCA» жағалауына дейінгі аумақтан 20 итбалықтың және бекіре тұқымдас 8 балықтың өлексесі анықталған.
2 маусымда зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Түпқараған ауданына қарасты Форт-Шевченко қаласы маңындағы теңіз жағалауынан су сынамаларын алған. Зерттеу қорытындысы бойынша су құрамынан қандай да бір ластаушы заттар анықталмаған.
– Соңғы екі айда Каспий жағалауынан табылған итбалық өлекселерінің саны 368-ге жетті, – деді Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев. – Біздің тарапымыздан су сынамалары тұрақты түрде алынып жатыр. Зерттеу нәтижелері су құрамында ластаушы заттардың жоқ екенін көрсетуде.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірлік экология департаментінің мамандары теңіз суынан алты рет сынама алған.
Ал Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, табылған итбалықтардың өлекселері үшінші және төртінші дәрежелі ыдырау сатысында болғандықтан, олардың нақты неден қырылғанын әзірге анықтау мүмкін болмай отыр.

