CaspianLife, 26 Мамыр. Ақтөбеде ескі гараждар маңынан пакетке оралған жаңа туған нәресте табылды. Қазіргі уақытта сәби дәрігерлердің бақылауында, ал полиция оның анасын іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Caspian News телеарнасы.
Оқиға қаланың Тұрғындар қалашығы ауданында болған. Тұрғындардың айтуынша, ағаш түбінде жатқан күмәнді пакетті сол маңнан өтіп бара жатқан 11 жастағы қыз байқап қалған. Ол бірден ата-анасына хабар берген. Кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем шақырылған.
Жергілікті тұрғын Любовь Щестакованың айтуынша, нәресте алдымен ақ пакетке салынып, кейін сыртынан қара пакетпен оралып, байланған күйде жатқан.
Дәрігерлер сәбидің жағдайын тұрақтандыру үшін шұғыл медициналық көмек көрсеткен. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолованың мәліметінше, нәресте ауруханаға дене қызуы өте төмен күйде жеткізілген.
«Жаңа туған нәресте қалалық балалар ауруханасына жедел жәрдеммен жеткізілді. Дене қызуының төмен болуына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Қажетті ем-дом жүргізілгеннен кейін баланың жағдайы тұрақтанды. Қазіргі уақытта сәби әлі де тексеруден өтіп жатыр», – деді ол.
Тұрғындардың сөзінше, оқиға болған аумақтағы ескі гараждар бұрыннан бері мәселеге айналған. Мұнда ішімдік ішетіндер мен есірткі тұтынатындардың жиі жиналатыны айтылуда. Сондай-ақ жақында осы маңда өрт те болған.
Осыған байланысты жергілікті тұрғындар ескі гараждарды бұзып, аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп отыр. Олардың пікірінше, мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін әкімдік мәселені ерекше бақылауға алуы қажет.

