CaspianLife, 21 мамыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда табысталды. Олардың қатарында маңғыстаулық ақын, драматург, әдебиеттанушы ғалым Оңайгүл Тұржан да бар. Ол жоғары мемлекеттік награда — «Парасат» орденімен наградталды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Оңайгүл Тұржан — Маңғыстау ауданының тумасы. Бүгінде ол Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Телерадио және PR» кафедрасының доценті қызметін атқарады.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік телерадио комитетінде режиссер ассистенті болып бастаған қаламгер әр жылдары Қарағанды облыстық телерадиосында редактор-комментатор, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сонымен қатар республикалық «Жалын» журналында поэзия бөлімін басқарса, «Қазақстан» баспасында редактор-менеджер болып еңбек етті. 2000 жылдан бері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық қызметте.
Оңайгүл Тұржан — қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан қаламгер. Оның «Шерқала», «Жыр-дала», «Теңіздер де шөлдейді», «Жыр кітабы», «Ағаштар үнсіз өседі» атты поэзиялық жинақтары оқырман қауымға кеңінен танымал. Сонымен бірге «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы», «Серікбол Қондыбайдың арғықазақ мифологиясын зерттеуде қолданған методологиясы мен логикалық тұрғыдан жобалау ерекшеліктері» атты ғылыми монографиялардың, «Қаламқас», «Күлтегін» драмалық шығармаларының авторы.
Ғалым-педагог ретінде де бірнеше оқу құралын жарыққа шығарған. Оның «Паблик рилейшнз теориясы мен практикасы», «Имиджелогия теориясы мен практикасы» атты еңбектері жоғары оқу орындарының білім алушыларына арналған маңызды оқулықтардың қатарында.
Оңайгүл Тұржан бұған дейін де бірқатар мемлекеттік және әдеби марапаттарға ие болған. Ол — Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Маңғыстау ауданының құрметті азаматы», «Маңғыстау облысының құрметті азаматы», Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің Құрметті профессоры. Сондай-ақ Төлеген Айбергенов атындағы республикалық әдеби сыйлықтың, «Махамбет» әдеби сыйлығының лауреаты.

