Caspianlife, 21 мамыр. Атырау облысында рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау және жою бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы Атырау облысы бойынша экология департаменті мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, рейдтік іс-шаралар өзге де құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар заңсыз қоқыс орындары Қазақстан Ғарыш Сапары ұлттық компаниясының ғарыштық мониторингі арқылы да анықталуда.
Атап айтқанда, департамент мамандары Атырау қаласындағы Самал ықшамауданында орналасқан заңсыз қоқыс орындарына барып, жергілікті атқарушы органдармен бірге далалық зерттеу және зерделеу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі уақытта аталған аумақты тазарту жұмыстары басталған.
Сондай-ақ биыл мамыр айында Қазақстан Ғарыш Сапары жүргізген ғарыштық түсірілім нәтижесінде Құлсары қаласынан төрт рұқсатсыз қоқыс орны анықталған. Қазіргі кезде түсірілім және бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.
Экология департаментінің мәліметінше, өткен жылы облыс аумағында жалпы саны 40 заңсыз қоқыс орны анықталған. Оның 35-і толық тазартылған. Ал қалған бес қоқыс орны Атырау қаласындағы жеке тұрғын секторларында орналасқан.
Қазір тиісті әкімдіктерге аумақтарды қалдықтардан тазарту және бүлінген жерлерді қалпына келтіру бойынша нақты мерзімдер белгіленген.
Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат — тазартылған аумақтардың қайтадан қоқыс алаңына айналуына жол бермеу. Осы бағыттағы рейдтік шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

