Caspianlife, 21 мамыр. Атырауда өткен Әдеп кеңесінің отырысында бірқатар мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Caspian News.
Жиында Қызылқоға, Мақат, Құрманғазы және Жылыой аудандары әкімдіктерінің қызметкерлеріне қатысты тәртіптік істер қаралды. Кеңес барысында мемлекеттік сатып алу саласында заң талаптарын өрескел бұзу деректері анықталған.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен қарым-қатынас кезінде қызметтік әдеп нормаларын сақтамауы да талқыланды.
Динара Китенбаева мемлекеттік қызметшілер заң талаптары мен Әдеп кодексін қатаң сақтауға міндетті екенін атап өтті.
— Мемлекеттік қызметші жұмыс барысында Конституциядан бастап барлық заң мен нормативтік-құқықтық актілерді сақтауы тиіс. Сонымен қатар азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытып, бейәдеп сөз қолданбауы қажет, — деді ол.
Әдеп кеңесінде қаралған істердің бірі Қызылқоға ауданы Сағыз ауылдық округі әкімінің әрекетіне қатысты болды. Анықталғандай, әкім тиісті талапқа сай келмейтін кәсіпкерге жұмысты қазынашылық органда тіркемей бастатқан.
Әділ Сисеновнің айтуынша, аудан прокуратурасы мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына талдау жүргізу барысында мемлекеттік сатып алу қағидаларының бұзылғанын анықтаған.
— Заң бұзушылықтар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының талаптарын бұзу ретінде қарастырылады. Яғни, әлеуметтік өнім берушілердің құқықтарын шектей отырып, бір ғана кәсіпкермен келісімшарт жасалған, — деді прокурор.
Жиын қорытындысы бойынша Сағыз ауылдық округінің әкімі мен Мақат аудандық құрылыс бөлімінің басшысына «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолданылды.
Ал Жылыой ауданы әкімі аппаратының басшысына «сөгіс» жарияланып, Құрманғазы аудандық құрылыс бөлімінің басшысын қызметінен босату туралы шешім қабылданды.
Жалпы, жыл басынан бері Әдеп кеңесінде 25 тәртіптік іс қаралған.

