CaspianLife, 20 мамыр. Дүйсенбі күні АҚШ Сенаты 49 кандидаттан тұратын тізім аясында Асель Робертстің Словениядағы елші қызметіне тағайындалуын қарады. Дауыс беру нәтижесінде 46 сенатор қолдап, 43 сенатор қарсы дауыс берген. Бұл туралы Mladina басылымы хабарлады.
Хабарламада айтылғандай, Дональд Трамп Асель Робертстің кандидатурасын ақпан айында ұсынған болатын. Ал наурызда ол Сенат комитетіндегі тыңдаудан оң бағамен өтті.
Наурыз айындағы тыңдау барысында Асель Робертс екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол Словенияны НАТО-дағы маңызды одақтас, АҚШ-тың досы әрі серіктесі деп атап, екі елді ортақ мүдде, демократиялық құндылықтар, экономикалық байланыстар және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық біріктіретінін айтты.
Ал Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі Асель Робертсті жаңа қызметімен құттықтап, оның АҚШ тарихындағы елші қызметіне тағайындалған алғашқы этникалық қазақ қызы екенін атап өтті.
Асель Робертс АҚШ Мемлекеттік департаментінің Бас протоколдық кеңесші кеңсесінде аға кеңесші қызметін атқарған. Ол осы құрылымда шамамен жиырма жыл бойы еңбек етіп, бірнеше құрлықтағы америкалық миссиялардың жұмысын үйлестіріп, көптеген шетелдік мемлекет өкілдерімен келіссөздер жүргізген.
Әр жылдары Робертс бас протоколдық кеңесшінің міндетін атқарушы, сапарлар бөлімі басшысының орынбасары және дипломатиялық протокол офицері қызметтерін атқарды. Сонымен қатар ол Ақ үйде қызмет етіп, вице-президент аппаратының Батыс қанаттағы операциялар дирекциясын басқарған.
2020–2021 жылдары әкімшіліктер ауысқан кезеңде Асель Робертс АҚШ-тың бас протоколдық кеңесшісі міндетін атқарды. Жалпы алғанда, ол АҚШ-тың бес президент әкімшілігі кезінде жоғары деңгейдегі келіссөздерді ұйымдастыруға қатысқан. Атап айтқанда, шетел лидерлерінің президентпен, вице-президентпен және мемлекеттік хатшымен кездесулерін үйлестірген.
Асель Робертс 1976 жылы Қазақстанда дүниеге келген. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін АҚШ-қа қоныс аударған. Ол Джорджтаун университеті жанындағы Эдмунд Уолш атындағы дипломатиялық қызмет мектебін халықаралық құқық және халықаралық ұйымдар мамандығы бойынша бакалавр дәрежесімен тәмамдаған.
Асель Робертс қазақ, орыс және жапон тілдерін меңгерген.

