CaspianLife, 15 мамыр. Жасанды интеллект технологияларының жаппай таралуы Қазақстанның еңбек нарығына елеулі өзгерістер әкелуі мүмкін. Бұл туралы Сенаттағы брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді.
Жұмыс күші ресурстары орталығының мониторингі мен болжамына сәйкес, алдағы он жылда 300 мыңнан 400 мыңға дейін жұмыс орны қысқару қаупіне ұшырауы мүмкін. Әсіресе көмекші қызметкерлер, бухгалтерлер, заңгерлер және адамның физикалық қатысуы міндетті емес салалардағы мамандар тәуекел аймағында тұр.
Вице-министр мемлекет бұл мәселеге қазірден бастап назар аударып отырғанын айтты. Жыл басынан бері 186 мың адам жаңа мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өткен. Бағдарлама еліміздің барлық өңірінде қатар жүзеге асырылып жатыр.
— Бұл үдеріс енді ғана басталды, — деді Ербол Тұяқбаев. Оның сөзінше, билік еңбек нарығындағы алдағы өзгерістердің ауқымын нақты бағалап отыр.

