CaspianLife, 8 мамыр. Отан қорғаушылар күніне орай 29011 әскери бөлімінің арнайы бөлімшелер ротасының бөлімше командирі, бас старшина Ербол Қалжанов 200 шақырымдық ультрамарафон жүгіріп өтті.
Әскери қызметші аталған қашықтықты 33 сағат 21 минутта еңсерген. Бағыт Ақтау қаласынан Түпқараған ауданындағы Қызылөзен ауылына дейін және кері бағытта өтті.
Ербол Қалжанов бұған дейін қала және облыс көлеміндегі сауықтыру марафондарына тұрақты қатысып келген. Алайда мұндай ұзақ қашықтықты алғаш рет бағындырғанын айтады.
Ол спортпен бала кезінен айналысады. Қазіргі таңда дене дайындығы әскери қызметтің маңызды бөлігіне айналған. Әскери қызметші табиғат аясындағы жаттығуларға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. Оның айтуынша, Каспий теңізі жағалауының климаты мен жер бедері төзімділікті шыңдауға өте қолайлы.
– Ультрамарафон мен үшін ең алдымен өз мүмкіндіктерімді және рух мықтылығын сынау. Әрбір әскери қызметші үнемі өзін дамытып, жетілдіріп отыруы қажет деп есептеймін. Спорт денсаулықты нығайтып қана қоймай, мінезді де шыңдайды, – деді бас старшина Ербол Қалжанов.




