CaspianLife, 30 сәуір. Қазақстан Қашаған кен орны газын өңдеудің жаңа мүмкіндіктерін халықаралық серіктестермен бірлесіп қарастыруда.
Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Air Products компаниясының Еуропа және Африка бойынша президенті Ива Болспен кездесу өткізді. Тараптар мұнай-газ және мұнай-химия салаларындағы инвестициялық жоспарлар мен ықтимал жобаларды талқылады.
Кездесу барысында ілеспе газды өңдеу бастамаларына ерекше назар аударылды. Энергетика министрлігінде газ саласын дамыту мен ресурстық базаның тұрақтылығы стратегиялық басымдықтар екені атап өтілді. Осы тұрғыда Қашаған кен орнындағы газды тиімді пайдалану, әсіресе ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз ету маңызды.
«Сонымен қатар 2025 жылдан бері Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC пен Air Products арасында жүргізіліп жатқан келіссөздер талқыланды. Әңгіме жылына 6 млрд текше метрге дейін ілеспе газды өңдеу мүмкіндігі туралы болып отыр. Мұндай бастамалар мемлекеттік органдармен үйлестіруді қажет етеді», — делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Сондай-ақ тараптар Теңіз кен орнының бос өндірістік қуаттарын Қашаған жобасын одан әрі игеру аясында пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды. Сарапшылардың бағалауынша, бұл күрделі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігі Air Products компаниясымен ҚазМұнайГаз және QazaqGaz қатысуымен әртүрлі ынтымақтастық форматтарын қарастыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық танытты.

