Атырауда заңсыз тұрғын үй құрылысы анықталды. Олқылықты облыстық прокуратураның қызметкерлері мониторинг барысында анықтаған.
Олардың айтуынша, құрылыс компаниясы ғимаратты бес қабатты етіп салуға рұқсат алып, артынша тағы екеуін қоспақ болыпты. Ал сапасы сын көтермейтін баспананы сатып алған үлескерлердің жайы енді қаралатын көрінеді.
Бауыржан ЖҰМАҚАНОВ, Атырау облысы прокурорының орынбасары:
– Сараптаманың қорытындысы болмауына байланысты адам өміріне және ғимараттың құлауына қауіп төнгізеді. Осы жұмыстың нәтижесінде құрылыс компаниясына ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 314-бабымен соттың шешімі шығарылды. Оларға 388 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Одан бөлек, осы компанияда жұмыс істеп жүрген авторлық қадағалау және техникалық қадағалау жауапты адамдары ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 317-бабымеен айыппұл салу туралы жауапкершілікке тартылды.
Дегенмен мекеме басшысының өз айтары бар. Оның сөзінше, соттың жұмысты уақытша тоқтату туралы шешімі құрылыстың адам өміріне қауіпті болғандығынан емес, жобаны уақытында сараптамаға жолдамағандықтан шыққан.
Болатбек ТӘЖІҒҰЛ, ЖШС директоры:
– Соттың шешімі шықты , бірақ заңды күшіне енген жоқ. Сондай-ақ, жұмыс тек 10 күнге тоқтатылады. Сол уақыт ішінде жоба жұмыстарын толықтай аяқтау керек. Ал біздің жоба қазір сараптамада жатыр. Осы уақытқа дейін ала алмауымыздың басты себебі – карантин. Бес қабатты қылып салуға рұқсатты былтыр желтоқсанда алған болатынбыз. Тағы қосымша екі қабатқа рұқсатты осы айдың аяғында алмақшымыз.
Сондай-ақ, маман ақпараттың бір жақты етіп таралғанына налиды. Мұндай егжей-тегжейлі тексерілмеген мәлімет үлескерлердің көңіліне күдік ұялатуы мүмкін екен.