CaspianLife, 29 сәуір. Ақтөбе облысының прокуратурасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы заңсыз беру схемасының жолын кесті.
Анықталғандай, Ақтөбе қалалық «Тұрғын үй қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, кезекте тұрмаған адамдарға пәтер бөлуді ұйымдастырған. Нәтижесінде тізімге заңсыз түрде 15 азамат енгізілген.
«Схема жарамсыз тұрғын үйлерді беру, кейін оларды жайлы пәтерлерге ауыстыру және тұрғын үй комиссиясының заңсыз шешімдері арқылы жүзеге асырылған. Пәтерлер жекешелендіріліп, сатылған, бұл әрекеттердің пайда табу мақсатында жасалғанын дәлелдейді», — деп нақтылады Ақтөбе облысының прокуратурасы.
2026 жылғы 29 сәуірде Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен кінәлі тұлға 6 жылға бас бостандығынан айырылды.