CaspianLife, 29 сәуір. Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Ақтаудағы көтерме сауда базарларын тексерді. Ол Асар-С базары, сондай-ақ өңірге өнім жеткізетін ірі көкөніс қоймалары — KazFruit және Asia Fruit Aktau нысандарында болды.
Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде құрылған комиссия Көк базар, «Асар-С» және Мағаш базарының ет секторында мониторинг жүргізген. Тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталған. Бес кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын рұқсат етілген үстеме бағадан жоғары сатқаны белгілі болды. Оларға әкімшілік шаралар қолданылды.
«Сондай-ақ “Мағаш” базарында ет бағасының негізсіз көтерілгені анықталды. Комиссия араласқаннан кейін бір килограмм еттің бағасы 4 500 теңгеден 3 500 теңгеге дейін төмендеді», — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, жеткізу тізбектерінде артық делдалдардың бар екені анықталды. Бір күн ішінде бір тауар бойынша бірнеше мәміле жасалған жағдайлар тіркелген. Нәтижесінде «Товары и Сервис» ЖШС тиімсіз делдал ретінде танылып, тізбектен шығарылды. Бұл Ақтаудағы ірі сауда желілерінің біріне көтерме жеткізушімен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, картоп бағасын 275-тен 242 теңгеге, ал пиязды 165-тен 132 теңгеге дейін төмендетті.
Осындай схема Asia Fruit Aktau KZ арқылы көкөніс жеткізуде де анықталды. Делдал алынып тасталғаннан кейін сауда желісі тікелей сатып алуға көшіп, картоп бағасы 235-тен 225 теңгеге, сәбіз 264-тен 205 теңгеге дейін арзандады.
Айдар Әбілдабековтың айтуынша, өңірде делдалдық схемаларды анықтау жұмыстарын күшейту қажет. Жыл басынан бері мұндай фактілердің аз анықталуы күмән тудыратынын айтты. Сонымен қатар Маңғыстау облысы өнімнің негізгі бөлігі басқа өңірлерден және импорт арқылы жеткізілетін аймақтардың бірі екенін атап өтті.
Ол бұл мәселе өңір басшылығының назарында болуы тиіс екенін айтып, делдалдық схемаларды жүйелі түрде анықтау қажеттігін жеткізді.
Анықтама: 2026 жылдың басынан бері мемлекеттік бақылау күшейтілді. 23 сәуірдегі жағдай бойынша сауда үстемесін асыру фактілері бойынша 1 406 айыппұл салынған. Бұл 2025 жылғы жалпы көрсеткіштің шамамен 50%-ын құрайды (2 913 құқықбұзушылық).
Сауда үстемесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 53 млн теңгеден асты. Оның ішінде Маңғыстау облысында — 49 айыппұл, жалпы сомасы 540 мың теңге.
Әртүрлі баға қолдану және баға белгісінің болмауы бойынша 489 қаулы шығарылып, 18,4 млн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде Маңғыстау облысында — 36 қаулы, 1,1 млн теңгеден астам.
Әкімшілік істер саны бойынша Маңғыстау облысы өңірлер арасында 4-орында тұр.
Еліміз бойынша делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі комиссиялар жұмысы жанданды. Жалпы 372 отырыс өткізіліп, 1 092 заңбұзушылық анықталып, 974 хаттама толтырылды, 118 делдал тізбектен шығарылды.
Маңғыстау облысында 23 сәуірге дейін 27 отырыс өткізіліп, 51 заңбұзушылық анықталды. Оның 49-ында сауда үстемесі асып кеткені тіркеліп, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Сонымен қатар екі тиімсіз делдал жеткізу тізбегінен шығарылды. Анықталған фактілер саны бойынша өңір 6-орында.
Бұдан бөлек, электронды шот-фактуралар талданып жатыр: 4 395 жеткізу тізбегі зерттеліп, 2 361 тәуекел анықталған. Бұл артық пайда табу мен сауда заңнамасын бұзу фактілерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

