CaspianLife, 29 сәуір. Атырау облысы Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында газ/сепарация кешенінің (ГСК) құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
KMG PetroChem баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаның келесі кезеңдеріне өткен сайын логистиканың маңызы арта түседі. Болашақ зауытқа қажетті жабдықтарды құрылыс алаңына уақытылы әрі қауіпсіз жеткізу негізгі міндеттердің бірі болмақ.
«KMG PetroChem үшін қазақстандық қамту үлесіне басымдық бере отырып, тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыру маңызды», — делінген хабарламада.
Осы мақсатта жұмыс тобы Маңғыстау облысындағы ERSAI порты мен Баутино порты теңіз порттарына көшпелі тексеру жүргізді. Онда айлақ инфрақұрылымының жағдайы, жүк өңдеу мүмкіндіктері, кірме жолдар және ГСК құрылыс алаңына дейінгі логистикалық бағыттар жан-жақты бағаланды.
Мұндай тексерулер жеткізу нүктесін таңдаумен қатар, отандық инфрақұрылым мүмкіндіктерін ескере отырып, ең тиімді әрі сенімді бағытты айқындауға мүмкіндік береді.
«Инспекция нәтижесінде ГСК жобасына қажетті стандартты және ірі габаритті жүктерді тасымалдауды қамтамасыз ететін порт анықталады», — деп мәлімдеді компания өкілдері.

