CaspianLife, 29 сәуір. Маңғыстау облысында мамыр айына арналған мерекелік іс-шаралар жоспары бекітілді. Биылғы шаралар жаңа Конституцияда көрсетілген құндылықтар аясында ұйымдастырылады.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастар бөлімінің бас маманы Забира Сәрібасова мәлімдеді.
Оның айтуынша, 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өңірде 90-нан астам мәдени іс-шара жоспарланған. Сонымен қатар 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр — Жеңіс күніне орай 114 іс-шара өтеді, оның ішінде 91-і мәдени, 23-і спорттық бағытта.
— Негізгі назар Ұлы даланың мыңжылдық тарихи сабақтастығы, мемлекеттің біртұтас сипаты мен аумақтық тұтастығы, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң және тәртіп» қағидаты, этносаралық және конфессияаралық келісім, бірлік пен ынтымақ, сондай-ақ білім, ғылым, инновацияны дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағыттарына аударылады. Мерекелер аясында әлеуметтік желілерде «Қазақстан — ортақ үйіміз» атты патриоттық челлендж өтеді, — деді Забира Сәрібасова.
1 мамыр күні Достық үйі алаңында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Ынтымағы жарасқан» атты мерекелік бағдарлама, көрмелер мен концерт ұйымдастырылады.
7 мамырда дәстүрлі «Сарбаздар ән шырқайды» қалалық саптық ән байқауы өтеді. Ал 9 мамыр — Жеңіс күні облыс әкімінің қатысуымен гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, «Ұлы жеңіс – ұраным!» атты театрландырылған концерт ұсынылады.
Абай атындағы мәдени-демалыс кешені директорының орынбасары Маргарита Омарова Ақтау қаласындағы іс-шаралар туралы да айтып өтті. Оның сөзінше, қалада да көптеген мәдени бағдарламалар жоспарланған.
— 1 мамыр күні сағат 10:00-де Достық үйі алдындағы алаңда шығармашылық ұжымдар мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен үлкен мерекелік концерт өтеді. Ал кешкі сағат 19:00-де жағалаудағы амфитеатрда тағы бір концерт ұйымдастырылады, — деді ол.
Отан қорғаушылар күніне орай Ақтауда әскери қызметшілер мен ардагерлердің қатысуымен іс-шаралар, соның ішінде саптық ән байқауы мен күштік құрылымдардың көрсетілімдері өтеді.
9 мамыр күні сағат 10:00-де «Мәңгілік алау» мемориалы алдында дәстүрлі гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Одан кейін әскери даңқ мемориалында орыс халық әндері хоры мен еңбек ардагерлері хорының қатысуымен концерт ұйымдастырылады. Сағат 11:00 және 19:00-де амфитеатрда соғыс жылдарындағы әндер, театрландырылған қойылымдар мен Отанға деген сүйіспеншілікке арналған концерттер өтеді.
Іс-шаралар барысында қоғамдық қауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Толық бағдарлама мен афиша әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланады.
Сонымен қатар 30 мамыр күні Маңғыстау тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ұлықпан Жолдасовтың шығармашылық кеші өтеді деп жоспарлануда.
(Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникациялар орталығының мәліметі бойынша)

