CaspianLife, 16 сәуір. «Қауіпсіз өңір» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен өңірде мал ұрлығының алдын алу және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының хабарлауынша, қадағалау органының үйлестіруімен, тиісті нұсқаулар беру және жасырын тергеу әрекеттерін бастау арқылы облыс аумағында ұзақ уақыт бойы мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) қызметі тоқтатылды.
«Тергеу барысында ҰҚТ құрамында мал дәрігерлері болғаны анықталды. Олар ұрланған малды деректер базасы арқылы заңдастыру жолымен өткізу схемасын ұйымдастырған. Күдіктілер қамауға алынып, тергеуге белсенді түрде көмектесуде», — делінген прокуратура мәліметінде.
Сондай-ақ бұл жағдай осындай қылмыстар үшін жазаның бұлтартпас екенін көрсететін айқын мысал екені атап өтілді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.

