CaspianLife, 15 сәуір. Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Zhylyoi Operating» ЖШС-нің бас директоры Ху Гэнчэнмен жұмыс кездесуін өткізді.
Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздер барысында «Жылыой» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Жоба қазақстандық-қытайлық «Zhylyoi Operating» ЖШС тарапынан ҚазМұнайГаз ҰК АҚ және China National Offshore Oil Corporation компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Аталған жоба мұнай мен газдың жаңа қорларын іздеу және бағалау бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ өңірдің ресурстық әлеуетін дамытуға бағытталған. Жобаны іске асыру Мемлекет басшысының геологиялық барлауды кеңейту, стратегиялық инвесторларды тарту және заманауи технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүргізілуде.
Тараптар жобаны әрі қарай іске асыру жоспарларын қарастырып, оның облыстың мұнай-газ саласы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Кездесу барысында Серік Шәпкенов экологиялық талаптарды сақтау және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беру қажеттігін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, China National Offshore Oil Corporation — әлемнің 20-дан астам елінде қызметі бар Қытайдың ірі мемлекеттік мұнай компанияларының бірі.

