Caspianlife, 14 сәуір. Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының көлік-транзиттік әлеуетті дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысын талқылауға арналған кеңес өткізді. Жиында инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және саланың экономикадағы үлесін арттыру мәселелері қаралды.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндағандай, 2025 жылдың қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласының жалпы өнімі 12,2 трлн теңгені құраған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында өсім 12,8%-ға жеткен.
Өткен жылы елімізде жалпы ұзындығы 2 мың шақырымды құрайтын ірі жол жобалары аяқталды. Соның ішінде Атырау өңірі үшін маңызды Атырау – Астрахан тас жолы да бар. Бұл бағыт өңірдің Ресеймен және халықаралық нарықтармен байланысын күшейтуде маңызды рөл атқарады.
Қазіргі таңда транзиттік дәліздерді дамыту аясында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы алғанда, жол жөндеу жұмыстарының көлемі 13 мың шақырымға жеткізілген.
Кеңесте Каспий теңізі арқылы тасымалды арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағытта Ақтау порты мен Құрық порты негізгі логистикалық хаб ретінде қарастырылып отыр.
Биыл Ақтау портында теңіз түбін 1,3 млн текше метрге дейін тереңдету жұмыстары жоспарланған. Бұл порттың өткізу қабілетін арттырып, Каспий бағытындағы жүк тасымалын жандандыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Ақтау – Баку» бағыты бойынша контейнерлік кемелерді сатып алу рәсімдерінің баяу жүріп жатқаны сынға алынып, бұл жұмысты жеделдету тапсырылды.
«Қазақстан темір жолы» деректеріне сәйкес, 2025 жылы транзиттік тасымал көлемі 33 млн тоннаға жетіп, бір жылда 20%-ға артқан. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш тағы 14%-ға өсіп, 9 млн тоннаға жеткен.
Кеңесте Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, жеткізу мерзімдерін қысқарту және цифрлық жүйелерді енгізу мәселелері де талқыланды.
Премьер-министр бірқатар жобалардың баяу іске асырылып жатқанын атап өтті. Әсіресе:
- өткізу пункттерін жаңғырту қарқынының төмендігі
- теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарының баяулығы
- теңіз тасымалына арналған кемелерді сатып алудың кешігуі сынға алынды.
Ол барлық бағыттар бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды.
«Президент транзит еліміздің басты бәсекелестік артықшылықтарының бірі екенін әрдайым атап өтеді. Алайда тапсырмалардың орындалуында қарқын жеткіліксіз. Бұл жұмыстың динамикасын өзім жеке бақылауға аламын», — деді Олжас Бектенов.
Жиын қорытындысы бойынша көлік инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде Каспий бағытындағы жобаларды жандандыру арқылы Атырау өңірінің транзиттік әлеуетін арттыру негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді.

