Caspianlife, 14 сәуір. Атырау облысында шегірткеге қарсы күрес шаралары аясында 114 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы химиялық өңдеуден өтеді. Бұл туралы Caspian News телеарнасы хабарлады.
Мәліметке сәйкес, оның 79 мың гектары республикалық бюджет есебінен үйірлі шегірткеге қарсы өңделсе, 35 мың гектардан астам аумақта жергілікті бюджет есебінен саяқ шегірткеге қарсы жұмыстар жүргізіледі. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 250 миллион теңге қаржы қаралған.
Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, мердігер анықталған. Өңдеу жұмыстары дәстүрлі түрде мамыр-маусым айларында басталады. Жалпы жұмыстар облыстың 7 аумағында жүргізіледі.
Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Азат Қапановтың айтуынша, науқанға шамамен 160 адам жұмылдырылады. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 8 дана жерүсті газогенератор техникасы тартылады. Ал республикалық деңгейде 2 жерүсті газогенераторы мен 3 дельтаплан пайдаланылады.
Шаралар Атырау қаласы, Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер, Махамбет және Жылыой аудандарында өтеді. Ең ауқымды жұмыстар Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарында жоспарланған.