CaspianLife, 14 сәуір. Атырау бекіре балық өсіру зауытында бюджет қаражатын негізсіз пайдалану дерегі анықталды. Кәсіпорын уылдырық сатып алу үшін жалпы құны 147,4 млн теңгені құрайтын заңсыз тендер ұйымдастырған, деп хабарлайды Caspian News телеарнасы.
Ағымдағы жылдың 23 ақпанында зауыт әкімшілігі мемлекеттік сатып алу порталында бекіре уылдырығын сатып алу туралы бірнеше хабарландыру жариялаған. Бұл жайт облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының назарына ілікті. Прокурорлар бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығына талдау жүргізіп, кәсіпорынның әрекетіне құқықтық баға берді.
Анықталғандай, зауыттың негізгі міндеті – балық аулап, одан өз бетінше уылдырық пен шабақ өндіру. Алайда мекеме дайын өнімді нарық бағасымен сатып алуды көздеген.
«Атырау бекіре балық өсіру зауытының негізгі мақсаты – бекіре тұқымдас балықтардың аналықтарын аулау арқылы уылдырық пен шабақ өндіру. Алайда, аталған зауыт заң талаптарына қайшы әрекет жасап, уылдырықты нарықтағы баға бойынша сатып алуды жоспарлаған. Прокуратураның қадағалау актісі негізінде бұл мемлекеттік сатып алулардың күші жойылды», —деп атап өтті облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры М. Жалмурзин.
Прокуратураның дер кезінде араласуының нәтижесінде заңсыз тендер тоқтатылып, мемлекет қазынасының 147,4 млн теңге көлеміндегі қаражаты үнемделді. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тиісті шаралар қабылданып, бюджеттік жоспарлаудың заңдылығы бақылауға алынды.
Ақпарат көзі: Caspian News телеарнасы

