Caspianlife, 9 сәуір. Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Соның ішінде, саладағы кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау және ғылыми зерттеулер негізінде инновациялық тәжірибені енгізу шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев мәлімдеді. Оның айтуынша, саладағы кедергілерді азайтуға және кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар орталық мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапқан.
— Өңірдегі инвестициялық климатты жақсарту мақсатында биыл балық аулау лимиті 2023 жылмен салыстырғанда төрт есеге артып, шамамен 43,7 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар, Каспий теңізіндегі майшабақ (кутум) балығы Қызыл кітаптан шығарылып, кәсіпшілік аулау лимитіне енгізілді. Балықшылар үшін шекара қызметінен рұқсат алу мерзімі 50 күннен 18 күнге дейін қысқарды. Сондай-ақ, аквамәдениетті қолдау үшін бірқатар жеңілдіктер енгізіліп, ұңғымаларды бұрғылау шығындарының 80%-ына дейін субсидия қарастырылған. Бұдан бөлек, жануарлар дүниесін пайдалануға қойылатын шектеу мерзімі 1 қаңтар мен 15 наурыз аралығына дейін азайтылды. Балық аулау кемелері үшін теңіз порттарының қызметтеріне 70–80% көлемінде жеңілдіктер берілді. Сондай-ақ, меншігінде теңіз флоты бар инвесторларға балық шаруашылығы учаскелерін конкурссыз беру мүмкіндігі қарастырылуда, — деді А. Молдашев.
БАҚ өкілдерімен кездесуде ол саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты да түсініктеме берді.
— «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу бойынша қызметтер» бағдарламасы аясында 2023–2025 жылдарға арналған балық өсіру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Қазақстандық қолданбалы экология агенттігі» ЖШС ғылыми-зерттеу ұйымы арқылы каспий албыртының (лосось) жасанды инкубациясының эксперименттік-әдістемелік технологиясы әзірленіп, енгізілді. Бұл әдістеме өңірдегі құнды балық түрлерінің санын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2026–2027 жылдары жаңа ғылыми жобаларды іске асыру жоспарлануда, — деп хабарлады спикер.
Қоғамдық коммуникациялар орталығының ақпаратында бүгінде өңірде жайын, бекіре және албырт тұқымдас балық түрлерін өсірумен «Kazakh Osseter», «Caspian Riviera», «Natali Company» және «Organic Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысатыны атап өтілген. Алдағы жылдары Маңғыстау облысының аквамәдениет саласында тағы төрт ірі жоба жүзеге асырылмақ.

