CaspianLife. 13 қазан. Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйдің ауласында 35 жастағы әйелді пышақтап өлтірді. Қайғылы оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Бейнежазбада ер адамның әйелдің жанына келіп, онымен сөйлескені көрінеді. Кейін әйел орнынан тұрып кеткен сәтте ер адам оған пышақпен шабуыл жасаған. Артынша әйелді сүйреп, ауладағы қуысқа қарай алып кеткен.
Полиция әйелді өлтірді деген күдікпен Атырау қаласының 28 жастағы тұрғынын ұстады. Қазір ол қамауда отыр.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Шалхаровтың айтуынша, күдікті мен марқұм бұрын таныс болған.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті мен марқұм әйел бұрын таныс болған. Араларында туындаған жанжал барысында ер адам әйелге пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстың себептері анықталуда», — деді Серік Шалхаров.
Фото: KazInform

