CaspianLife, 1 сәуір. Олар «Бекіре» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы аясында браконьерлік деректерін және балық пен балық өнімдерін заңсыз әкетуді болдырмау үшін пайдаланылады.
Бұл туралы кеше Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Атырау облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Аманжол Жұмалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтетін «Бекіре» акциясына полиция департаментінің 285 қызметкері жұмылдырылады. Олардың қарамағында 114 автокөлік және 6 жүзу құралы (қайықтар мен катерлер) болады.
Журналистермен кездесуде акция кезеңінде 18 жылжымалы полиция бекеті жұмыс істейтіні айтылды. Олар Атырау – Астрахань тас жолын, сондай-ақ Исатай ауданындағы Зинеден және Жанбай елді мекендері маңын, Мартыши және Қараөзек аумақтарын бақылауға алады.
«Жылжымалы бекеттер Атырау қаласын айналып өтетін жолдарда — Еркінқала, Дамба, Зарослый және Тасқала (Алғабас) маңындағы елді мекендерде жұмыс істейді. Сонымен қатар, Атырау қаласы ішінде Жайық өзені жағалауында тәулік бойы жағдайды Жедел басқару орталығының 62 бейнебақылау камерасы бақылауда ұстайды», — деді Аманжол Жұмалиев.
Бұған дейін хабарланғандай, 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтетін «Бекіре» акциясына жалпы саны 1 143 табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының қызметкері қатысады. Оның ішінде 443-і Атырау облысында, 41-і Батыс Қазақстан облысында және 659-ы Маңғыстау облысында қызмет етеді.
Сонымен қатар, Жайық-Каспий бассейнінде браконьерліктің жолын кесу үшін 226 автокөлік пен квадроцикл, 91 катер мен шағын жүзу құралдары, 6 әуе техникасы және басқа да техникалық құралдар пайдаланылады.

