CaspianLife, 1 сәуір. Бүгіннен бастап 31 мамырға дейін Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жыл сайынғы «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтеді.
Бұл туралы кеше Атырауда өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметі, Атырау облысы полиция департаменті және Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері мәлімдеді.
Кездесу барысында балық қорғау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының «Бекіре» акциясын өткізу туралы бірлескен бұйрығы қабылданғаны айтылды. Уылдырық шашу кезеңінде табиғатты қорғау және құқық қорғау органдары, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың миграциясын қамтамасыз ету үшін, заңсыз аулау мен балық айналымына қарсы күресте күш біріктіреді.
Акция аясында браконьерлік фактілері жиі кездесетін су айдындарында стационарлық және жылжымалы бекеттер ұйымдастырылып, батыс өңірлердің автожолдарында мобильді топтар құрылған. Негізгі күштер Каспий теңізі жағалауында, сондай-ақ Жайық (Орал) және Қиғаш өзендерінің сағалық аймақтарында шоғырландырылады. Себебі дәл осы жерлерде браконьерлік деректері жиі тіркеледі.
Сонымен қатар, акция кезінде балық пен балық өнімдерін республикадан тыс жерлерге әкетуді бақылау күшейтіледі. Бұл шаралар әуежайларда, вокзалдарда және ірі автожолдарда жүргізіледі. Сондай-ақ ел аумағында балықтың заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу жұмыстары жүргізіледі.
Акцияға барлығы 1 143 табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының қызметкері жұмылдырылады. Оның ішінде 443-і Атырау облысында, 41-і Батыс Қазақстан облысында, 659-ы Маңғыстау облысында қызмет етеді.
Жайық-Каспий бассейнінде браконьерлікпен күресу үшін 226 автокөлік пен квадроцикл, 91 катер мен шағын жүзу құралы, 6 әуе техникасы және басқа да техникалық құралдар пайдаланылады.
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының мәліметінше, 39 бекет құрылған, оның ішінде 9-ы стационарлық, 30-ы жылжымалы. Сонымен қатар, батыс өңірлердегі автожолдарда жұмыс істейтін 26 мобильді топ жасақталған.
Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, көктемгі балық аулау маусымында браконьерлік топтардың белсенділігі артады. Мысалы, «Бекіре-2025» акциясы барысында табиғатты қорғау және құқық қорғау органдары 1 125 құқықбұзушылықты анықтап, 867 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан, сондай-ақ 33 қылмыстық іс тіркелген.
2025 жылғы акция қорытындысы бойынша құқықбұзушыларға жалпы сомасы 21,6 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар 4,5 тонна балық тәркіленді, оның ішінде 1 тонна 330 кг бекіре тұқымдас балық және 2 кг уылдырық бар. Бұдан бөлек, 44 жүзу құралы мен 863 балық аулау құралы тәркіленді.

