CaspianLife, 19 наурыз. Әскери ведомствоның ресми ақпаратында бұл Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің (ӘТК) кемелері қатысқан үш кезеңнен тұратын командалық-штабтық оқу-жаттығулар екені және олардың Каспий теңізінің қазақстандық секторында өткендігі атап өтілді.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ӘТК күштері мен құралдары жедел режимді қамтамасыз ету мақсатында жауынгерлік міндеттерді орындау аудандарына орналастырылды.
– Негізгі назар теңіздегі экономикалық қызмет нысандарын қорғау және бөлімшелердің өзара іс-қимылына аударылды, – деді оқу-жаттығу жетекшісі, Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, бірінші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков.
Теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальоны мен суасты диверсиялық күштерге қарсы күрес ротасының жеке құрамы шартты түрде террористер басып алған азаматтық кемені босату тапсырмасын орындады.
Командалық-штабтық оқу-жаттығулар командирлердің күштер мен құралдарды басқару бойынша практикалық дағдыларын жетілдіруге ықпал етті. Маневрлер барысында бөлімшелердің жеке құрамы жоғары жауынгерлік дайындық деңгейін көрсетіп, өз міндеттерін орындауға дайын екенін дәлелдеді.
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

