CaspianLife, 19 наурыз. Өткен түні «112» пультіне Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс даңғылындағы автомобиль көпірінен Жайық өзеніне бір адамның секіргені туралы хабар түсті.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнында жағалауда тұрған екі азамат алғашқы көмек көрсеткен: бірі жедел қызметтерді шақырса, екіншісі суға секіріп, көмектесуге тырысқан.
Оқиға орнына келген ТЖД бөлімшелері судан 2009 жылы туған зардап шегушіні және көмек көрсеткен азаматты жедел түрде алып шықты. Зардап шегуші жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
«Бұл жағдай азаматтардың бейжай қалмауы мен батылдығының, сондай-ақ жедел қызметтердің үйлесімді жұмысының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді — олардың әрекетінің арқасында адам өмірі сақталып қалды», – делінген хабарламада.

