Caspianlife, 16 наурыз. Мемлекет басшысы бұл туралы республикалық референдум аясында өткен үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқан жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесуде мәлімдеді.
Ақорда сайтының хабарлауынша, кездесу «Қазмедиа орталығы» студиясында өтті. Президент референдум өткен күннің тарихи маңызын атап өтіп, жастарға алғыс білдірді.
– Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа Конституция ең алдымен жастарға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Негізгі заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновациялар және жасанды интеллект сияқты маңызды ұғымдар енгізілген.
– Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алда әлі де көп жұмыс бар. Жазда Парламент сайлауы өтеді, біз оны біртұтас ел ретінде ұйымшылдықпен өткізуіміз керек. Менің ойымша, бұл жастар парламенті болуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында «Жастар рухы» ұйымының төрайымы Ақерке Ескендірова, кәсіпкер әрі креативті индустрия өкілі Камиль Байрамов, белсенділер Ержан Хамитов пен Нұрбол Серікбай сөз сөйледі.
Жас белсенділердің айтуынша, бір ай ішінде шамамен 5 мың түрлі іс-шара өткізіліп, оған 1,5 миллионнан астам азамат қатысқан. Сондай-ақ олар Мемлекет басшысының бастамасымен елде жүзеге асып жатқан барлық реформаларды толық қолдайтындарын білдірді.

