CaspianLife, 11 наурыз. Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті QSR ЖШС-не (Burger King) қатысты жоспардан тыс тексеруді аяқтады. Тексеру қызметкер Қаратай Әлібектің өтініші негізінде басталған.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру барысында өтініш берушінің уәждері расталды. Жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының талаптарын жүйелі түрде сақтамау фактілері анықталған. Атап айтқанда:
— қызметкерлердің келісімінсіз жалақыдан заңсыз ұсталымдар жасалған;
— жалақы төлемдерінің жүйелі түрде кешіктірілуі тіркелген;
— нақты жұмыс істелген уақыттың есебі жүргізілмеген және мереке, демалыс күндеріндегі еңбекке жоғары мөлшерде ақы төлеу талаптары сақталмаған.
Сонымен қатар ауысым кестелері қызметкерлерге заңда белгіленген мерзімдерді бұза отырып жеткізілген.
«Инспекторлар сондай-ақ компания қызметкерлерді қажетті арнайы киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпегенін, ал қызметкердің міндетті еңбек қауіпсіздігі нұсқамаларынан өтпей жұмысқа жіберілгенін анықтады», — делінген министрлік сайтында жарияланған хабарламада.
Тексеру қорытындысы бойынша QSR ЖШС-не анықталған барлық заңбұзушылықтарды міндетті түрде жою туралы нұсқама берілді. Заңды тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87, 93 және 94-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Министрліктің мәліметінше, қызметкерлердің еңбек құқықтары толық қалпына келтіріліп, берілген нұсқамалар орындалғанға дейін жағдай мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылауында болады.

