Caspianlife, 10 наурыз. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде 7 жастағы Қазақстан азаматы елге қайтарылды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, баланы елге қайтару жұмыстары алты ай бойы жүргізілген. Осы уақыт ішінде дипломатиялық арналар арқылы келіссөздер өткізіліп, Грузияның құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жолға қойылған, қажетті құжаттар рәсімделіп, рәсімнің құқықтық сүйемелдеуі қамтамасыз етілген.
«Кәмелетке толмаған қыз шет мемлекет аумағында заңды өкілдерінің тиісті күтімі мен қарауынсыз болғандықтан, уақытша мамандандырылған мекемеге орналастырылған», — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қыз бала қауіпсіз жағдайда. Оған қажетті психологиялық көмек көрсетілуде. Баланы әрі қарай отбасына орналастыру мәселесі заңнама талаптарын сақтай отырып және оның мүддесін ескере отырып қарастырылуда.
Баланың құқықтарын, қауіпсіздігін және жеке өмірінің қол сұғылмауын қорғау мақсатында оның жеке деректері, қай жағдайда табылғаны және басқа да мәліметтер құпия болып табылады әрі жариялауға жатпайды.

