CaspianLife, 10 наурыз. Атырау облысында Қызылқоға ауданына қарасты Жаңгелдин ауылында бір отбасының жоғалуына байланысты аса ауыр қылмыс ашылды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, 2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түзсіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстары отбасының қараша айынан бері байланысқа шықпағанын айтып, олардың қайда екені белгісіз екенін жеткізген. Осыдан кейін төртеуі де іздеуге жарияланып, сотқа дейінгі тергеу басталған.
— Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шаралары нәтижесінде қаза болғандардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйінде табылды, — деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
6 қаңтар күні жүргізілген тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылыстарынан отбасы әкесі мен анасының мәйіттері табылған. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, балаларды іздестіру жалғасқан.
Қылмысқа күдікті ретінде 29 жастағы ер адам – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласы халықаралық іздеуге жарияланған. Сонымен қатар марқұмдардың кенже қызы да іздеуге берілген. Ол бұрын күдіктімен некеде болған.
ІІМ қызметкерлері Индонезия Республикасының құқық қорғау органдарымен бірлесіп, күдіктіні осы елдің аралдарының бірінде қолға түсірген. Кейін ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Күдікті ұсталғаннан кейін кінәсін мойындап, оның көрсетуімен тергеушілер Атыраудағы үй ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттерін тапты.
Тергеу мәліметінше, төрт адамды өлтіруге ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Қылмыстық іс екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша тергеліп жатыр.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Сонымен қатар отбасының кенже қызының да қылмысқа ықтимал қатысы тексерілуде. Оның психикалық жағдайын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындалып, медициналық мекемеге жіберілді.

