CaspianLife, 10 наурыз. Әлеуметтік желілерде Иран аумағының үстінде «қышқыл бұлттар» пайда болып, олар Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін деген ақпарат тарауда.
Алайда Қазгидромет ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің мәліметінше, мұндай хабарламалар бақылау нәтижелерімен расталмаған. Иран үстінде пайда болды делінген «қышқыл бұлттар» Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін деген ақпарат ғылыми деректермен де, жүргізілген бақылаулармен де дәлелденбейді.
Мамандардың түсіндіруінше, қышқыл жауын-шашын негізінен өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларынан атмосфераға бөлінетін күкірт пен азот оксидтерінен түзіледі. Әдетте олар ластану көздеріне жақын аймақтарда байқалады. Ал ауа массалары алыс қашықтыққа тараған кезде табиғи атмосфералық үдерістердің әсерінен бұл заттардың концентрациясы айтарлықтай төмендейді.
«Мониторинг деректеріне сәйкес, мұндай ластаушы заттардың Қазақстан мен Орталық Азия елдері бағытына таралу белгілері тіркелген жоқ. Осыған байланысты мамандар азаматтарға тек ұлттық метеорологиялық және экологиялық қызметтердің ресми мәліметтеріне сүйенуді және тексерілмеген ақпаратты таратпауға кеңес береді», — делінген Қазгидромет сайтында жарияланған хабарламада.

