CaspianLife, 3 наурыз. Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Таяу Шығыс елдерінде жүрген азаматтарды қолдау шаралары туралы хабарлады.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі геосаяси жағдай аясында шетелде жүрген қазақстандықтардың жақындарымен байланыста болып, қолдауды сезінуі маңызды.
«Елдің ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде арнайы байланыс пакеттері іске қосылды. Олар аталған елдерде болған кезеңде интернетті және қоңырауларды тегін пайдалануға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар қолдау шаралары туралы толық ақпаратты ұялы байланыс операторларының ресми сайттарынан немесе мобильді қосымшалары арқылы алуға болатыны атап өтілді. Осыған байланысты министрлік байланыс операторларына жедел қабылданған қолдау шаралары үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ отандастарды сабыр сақтауға, ресми қызметтер мен Қазақстан Республикасының елшіліктері ұсынған ұсынымдарды орындауға, өздері мен жақындарының қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды.
Министрлікте жағдайды бақылау жалғасатынын және серіктестермен бірлесіп, шетелдегі отандастарды тұрақты байланыспен қамтамасыз ету әрі қолдау көрсету үшін қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

