CaspianLife, 1 наурыз. Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Катар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына жеке жолдауларын жіберіп, осы ауыр сынақ кезеңінде аталған елдердің халықтарына шынайы қолдау мен ынтымақтастық білдірді.
Бұл туралы Қазақстан Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді. Ол өзінің Telegram-арнасында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға достас әрі бауырлас мемлекеттердің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлық әскери әрекеттерді батыл айыптағанын жазды.
– Біздің ел барлық күрделі халықаралық мәселелер мен қарулы қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен шешуді әрдайым қолдайды, – делінген Қазақстан басшысының жолдауларында.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстан бауырлас араб елдеріне қолдан келген көмекті көрсетуге дайын екенін айтып, олардың жоғары басшылығымен тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға үміт білдірді.
Сурет: сайт Akorda.kz