CaspianLife, 24 ақпан. Атырау облысында жасалған қос кісі өлтіру дерегі бойынша күдікті Индонезия Республикасында қолға түсті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қазақстандық құқық қорғау органдары шетелдік әріптестерімен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде күдіктіні Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұстаған. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтіру) бойынша күдікке алынған.
Сонымен қатар, күдіктімен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен деп танылып, халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылдың қараша айында Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмыстан кейін ол ізін жасыру үшін мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған. Сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен ақшалай қаражатын иемденгені айтылды.
Қазіргі уақытта күдіктіні және онымен бірге анықталған тұлғаны Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылуда. Тергеу жалғасып жатыр.

