CaspianLife, 24 ақпан. Атырау қаласында 23 және 28 жастағы екі азамат ұсталды. Олар 2025 жылдың желтоқсан айынан бері Адамның иммун тапшылығы вирусы(АИТВ) инфекциясы бар екенін біле тұра және арнайы медициналық есепте тұрғанына қарамастан, транс тұлғалар ретінде ақылы интимдік қызмет көрсетуді жалғастырған.
Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Жедел іс-шараларды Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының (ҰҚҚКБ) қызметкерлері жүргізген. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды.
Аталған дерек бойынша өзінде АИТВ-инфекциясы бар екенін біле тұра басқа адамға жұқтырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды.
«Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қасақана қауіп төндіру — ауыр қылмыс. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай әрекеттер үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», — делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, зардап шеккендер шеңбері анықталуда.

