CaspianLife, 21 ақпан! Жаңа Негізгі заң – саяси жүйені жаңғыртып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған стратегиялық құжат. Бұл өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілік пен сенімді арттыруды көздейді.
Осылай деген тарих пәнінің мұғалімі Дариға Бапанова:
«Жаңа Конституция елдің саяси жүйесін жаңартып, халықтың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге бағытталған негізгі заң. Оның басты артықшылықтарының бірі – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің нығаюы. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғау тетіктері күшейіп, халықтың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігі артады. Әділдік пен заң үстемдігі бекемделеді. Бұл заң мемлекеттің болашағын айқындап, тұрақтылықты қамтамасыз етуге және әр азаматтың құқығын қорғауға негіз болады. Әрбір дауыс маңызды. Референдумға қатысу – елдің ертеңіне бейжай қарамау»,-дейді.
Мұғалімнің айтуынша, алдағы референдум – әр азаматтың азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды сәт. Ел тағдырына қатысты шешім қабылданатын кезеңде белсенділік таныту – ортақ болашақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі.

