CaspianLife, 19 ақпан. Атырау облысындағы орта мектептердің бірін тәмамдаған екі түлек оқуын үздік аяқтап, тиісті үлгідегі аттестат алған. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (МАӘС) мәліметінше, соған қарамастан Білім басқармасының комиссиясы педагогтер енгізген баға түзетулеріне сілтеме жасап, оларға «Алтын белгі» беруден бас тартқан. Түлектердің заңды өкілдері бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.
Іс материалдарын қараған сот:
— талапкерлердің 5–11-сыныптар аралығында барлық пәндер бойынша жылдық, тоқсандық және қорытынды бағалары «өте жақсы» болғанын, сондай-ақ қорытынды аттестаттаудан сәтті өткенін, бұл «Алтын белгі» алу талаптарына толық сәйкес келетінін;
— бағаларды қою, өзгерту және түзету педагогтердің айрықша құзыретіне жататынын, сондықтан мұғалімдер тарапынан жіберілуі мүмкін қателіктер немесе рәсімдік бұзушылықтар үшін оқушылар теріс салдарға ұшырамауы тиіс екенін;
— Білім басқармасы әкімшілік сот ісін жүргізудің негізгі қағидаттарын, оның ішінде сенім құқығын қорғау, әділдік және теңгерімділік принциптерін бұзғанын, себебі түлектердің кінәсі дәлелденбегеніне қарамастан, жағымсыз салдар соларға жүктелгенін атап өтті.
Сонымен қатар сот Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, модерация рәсімі тек оқу жетістіктерін бағалауға қатысты даулы мәселелер туындаған жағдайда ғана қолданылатынын ескерген. Аталған жағдайда мұндай даулы мәселелер болмағандықтан, Білім басқармасының модерация жүргізу туралы талабы негізсіз әрі белгіленген тәртіптен тыс деп танылды.
«Осындай мән-жайларды ескере отырып, сот педагогтер енгізген баға түзетулеріне негізделген комиссия шешімін заң талаптарына қайшы деп танып, түлектерге қатысты комиссия отырысының даулы хаттамасының күшін жойды және Білім басқармасына «Алтын белгі» беру мәселесін қайта қарауды міндеттеді», — делінген МАӘС түсіндірмесінде.
Атырау облыстық соты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді және қазіргі уақытта орындалу сатысында.

