CaspianLife, 17 ақпан. Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтардың төлем карталарын заңсыз бұғаттауға байланысты телефон арқылы жасалатын алаяқтық жағдайларының көбейгені туралы ескертеді.
Ұлттық Банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қаскөйлер ашық дереккөздерден (фишингтік сайттар, қоғамдық орындардағы сауалнамалар, әлеуметтік желілер, маркетплейстер) алынған азаматтардың жеке мәліметтерін пайдаланып, қаржы ұйымдарының байланыс орталықтарына клиенттің атынан хабарласады. Олар карта жоғалғаны туралы жалған ақпарат беріп, соның салдарынан карта дереу бұғатталады.
«Одан кейін алаяқтар азаматтарға хабарласып, өздерін банк қауіпсіздік қызметінің немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. “Картаны бұғаттан шығару” немесе қаражатты “қауіпсіз шотқа” аудару сылтауымен олар шотқа қол жеткізуге арналған деректерді — SMS-кодтарды, интернет-банкинг құпиясөздерін немесе CVV/CVC кодтарын алуға тырысады», — делінген хабарламада.
Төлем картасы бұғатталған жағдайда, картаның артқы бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген ресми нөмір арқылы банктің колл-орталығына хабарласу ұсынылады. Қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан SMS арқылы келген кодтарды немесе құпиясөздерді сұрамайды, сондай-ақ мобильді құрылғыға қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатуды талап етпейді.
Сондай-ақ алаяқтар банкоматтардың маңында тұрып, «карта бұғатталды», «карта зақымданды» немесе «лимиттен асып кетті» деген сылтаумен азаматтардан үшінші тұлғалардың шотына ақша аударуға көмектесуді сұрайды. Бұл үшін қаржылай сыйақы уәде етеді. Мұндай әрекеттер дропперлік ретінде бағаланып, заңсыз болып саналады.
Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарға банк карталарын бөгде адамдарға бермеуге, оның деректемелерін жария етпеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға, сақ болуға және ақпаратты екінші деңгейлі банктердің ресми нөмірлері арқылы қайта тексеруге кеңес береді.
«Еске саламыз, Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және бейнеқоңыраулар жасамайды, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, түрлі пайлық инвестициялық қорлар мен қаржы өнімдеріне инвестиция ұсынбайды, қаражатты сақтандырумен айналыспайды және халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейді», — деп мәлімдеді Ұлттық Банкте.
Егер азаматтар алаяқтық әрекеттерге тап болса, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті өтінішпен жүгіну ұсынылады.
Кеңес алу үшін Қазақстан Ұлттық Банкінің Байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы хабарласуға болады.

